«Orda Glass Ltd.» ЖШС 2022 жылдың қазан айында Қызылорда қаласында Қазақстандағы алғашқы табақ шыны өндіретін зауытты іске қосты. Кәсіпорын «Өндіріс» индустриалдық аймағында орналасқан.
Жобаның құны – 42,1 млрд теңге. Зауыт қытайлық инвесторлардың қаражатына салынған.
Компанияда Орталық Азиядағы ең ірі шыны өндіру желісі – жоғары сапалы флоат-шыны өндіру желісі бар. Зауыттың тәуліктік ең жоғары өндірістік қуаты – 600 тонна, ал жылдық өндірістік қуаты – 197 100 тонна флоат-шыны.
Негізгі өнімдерге мөлдір түссіз флоат-шыны, түрлі-түсті флоат-шыны және қаптамасы бар шыны кіреді. Қазіргі уақытта мұнда өндірілетін өнімдердің 70 пайызы ішкі нарықта сатылса, үштен бірі Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Грузия және Ресейге экспортталады.
Жоба басым қызмет түрлері тізіміне кіреді. ҚР Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитетімен инвестициялық келісімшарт жасалып, инвестор үшін жеңілдіктер мен преференциялар қарастырылған.
Қазақстандық тарап зауыт құрылысы үшін натуралды грант ретінде 50 гектар жерді тегін беріп, қажетті инженерлік инфрақұрылымды тартып, инвесторларды біраз уақытқа кедендік баж салығынан, корпоративтік табыс, жер және мүлік салықтарынан босатты.
2024 жылдың маусым айында компания Қызылорда қаласында екінші жобаны – LOW-E (Low Emissivity) қаптамалы энергия үнемдейтін шыны өндірісін іске қосты.
Жобаның құны – 6,7 млрд теңге, ал өндірістік қуаты – жылына 5 миллион шаршы метр. Цех екі ауысымда жұмыс істеп, 20 тұрақты жұмыс орнын қамтамасыз етеді.
Айта кету керек, «Orda Glass Ltd.» ЖШС – «China Glass Holdings Ltd.» еншілес компаниясы болып табылады.