Баспасөз релиздері

«Солтүстік-Оңтүстік» дәлізінің өткізу қабілеті жылына 20 млн тонна жүкке дейін артады

«Солтүстік-Оңтүстік» дәлізінің өткізу қабілеті жылына 20 млн тонна жүкке дейін артады

Үкіметте вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен трансшекаралық хабтарды дамыту мәселелері жөніндегі жедел жұмыс тобының IX отырысында «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің өткізу қабілетін кеңейту және басқа да жобаларды іске асыру барысы егжей-тегжейлі қаралды.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарушы директоры Бауыржан Орынбасаров хабарлағандай, «РТЖ» ААҚ-мен бірге мемлекетаралық өткізу пункттері жұмысының тиімділігіне талдау жүргізіліп, оларды жақсарту бойынша іс-шаралар әзірленді. «Солтүстік-Оңтүстік» дәліздің өткізу қабілетін кеңейту үшін 2023 жылдан 2025 жылға дейін Илецк-1 станциясындағы жолдарды ұзарту бойынша жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіледі және ұзындығы 213 км Орск – Қандыағаш учаскесінде автобұғаттауды енгізе отырып, екінші жолдар салынатын болады. Бұл жұмыстар РФ тарапынан пойыздарды қабылдауды тәулігіне 7-ден 15 жұпқа дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Екінші кезеңде Мақат – Шұбарқұдық учаскесінде 4 және Маңғышлақ – Өзен учаскесінде 3 разъезд салу, сондай-ақ автобұғаттауды енгізу жоспарлануда. Перспективада Илецк-1 – Ақтөбе (195 км), Қандыағаш – Қиғаш (808 км), Шалқар – Бейнеу (496 км), Бейнеу – Маңғыстау – Ақтау порты, Құрық – Порт (490 км), Өзен – Болашақ учаскелерінде екінші жолдар салу жоспарланған (147 км). Бұл жұмыстардың барлығы «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізі бойынша жүк тасымалдау көлемін жылына 6 млн тоннадан 20 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.


Каспий торабында контейнерлік хаб құрылысының жобасын іске асыру бойынша жұмыстар басталды. Оны «Ақтау теңіз порты» АЭА базасында құру жоспарланып отыр. Хаб нысандарын орналастыру үшін арнайы экономикалық аймақ аумағында ауданы 19 га жер учаскесі резервтелген, қажетті инфрақұрылымды жүргізу, тарату желілері бар қосымша электр станциясын салу үшін ЖСҚ әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Серік Жұманғарин жыл соңына дейін баламалы сауда бағыттарын дамытудың маңызды буыны болып табылатын Каспий торабын дамыту тұжырымдамасының толық жобасын ұсынуды тапсырды.


Қазақстанның трансшекаралық хабтары желісіндегі негізгі жоба Жетісу облысындағы «Қорғас торабы» болып табылады. Бұл Қазақстан-Қытай шекарасында орналасқан инфрақұрылымдық объектілер кешені («Қорғас» ХШЫО, АЭА «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА, «Нұр-Жолы» бақылау-өткізу пункті, «Алтынкөл» теміржол станциясы және «Құрғақ порт» теміржол терминалы). Қорғас торабын iс жүзiнде iске асыру экспорт, транзит көлемiн ұлғайту және өндiрiстiк кооперацияны дамыту үшiн барлық инфрақұрылымдық объектiлердi түйiндестiру мен ықпалдастырудан тұрады.


Жетісу әкімдігінің мәліметінше, қазіргі уақытта АЭА аумағында 48 қатысушы тіркелген, жалпы сомасы 48,7 млрд теңгеге 15 кәсіпорын жұмыс істейді, 1600 жұмыс орны құрылды. Жыл соңына дейін 1,7 млрд теңгеге тағы 6 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. «Қорғас» ХШЫО кірісінің жалпы сомасы 1,5 млрд теңгені құрайды, туристер саны 423 мың адамнан асты. Сәуірден қарашаға дейін «Қорғас» халықаралық орталығы арқылы 8 мың тонна көлемінде жүк тасымалданды. Бүгінде салынған инвестицияның жалпы сомасы 141 млрд теңгеге жетті.

Сондай-ақ отырыста жергілікті атқарушы органдардың өкілдері «Еуразия» трансшекаралық сауда орталығын, «Алатау» индустриялық сауда-логистикалық кешенін, «Орталық Азия» халықаралық шекара маңы сауда орталығын құру жөніндегі жұмыстардың барысы туралы хабарлады.

Отырыс қорытындысы бойынша вице-премьер Серік Жұманғарин Батыс Қазақстан және Жамбыл облыстарының әкімдіктеріне «Еуразия» ТСО» индустриялық аймағына инфрақұрылымды аяқтау және ИСЛК құру жөніндегі жұмыстарды жеделдетуді, сондай-ақ конкурстық негізде «Алатау» индустриялық аймағының басқарушы компаниясын айқындауды тапсырды. Түркістан облысының әкімдігіне өңірлік индустриялық аймақ тұжырымдамасын «Орталық Азия-ХӨКО» атауымен бекіту тапсырылды.

Дереккөз: Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы

Қолданбасын орнатыңыз:
1) Ашыңыз сайты Safari
2) сақтау Түймешігін түртіңіз
3) Қосу экран үйге